Петропавлдағы ботаникалық бақ жекешелендіруге қойылды

Ресми атауы «Петропавл қалалық әкімдігі «Петропавл қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Қызылжар оранжереясы» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорыны» деп аталатын оранжерея Солтүстік Қазақстан облысының 2017 жылы бәсекелестік ортаға берілетін коммуналдық ұйымдардың тізіміне енгізілген.
«Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, Yellow Pages Rule қағидасын қолдану арқылы мемлекеттің экономикадағы қызмет түрлерінің 47%-ын төмендетуге өз септігін тигізген. 2020 жылға дейін осы қағидаларға сәйкес келмейтін мемлекеттің қарамағындағы барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды жеке секторға беру қажет немесе жабу керек», - деп айтты қаржы басқармасы басшысының орынбасары Марат Жамалиев.
Оның айтуынша, 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысында бәсекелестік ортаға берілетін 68 коммуналдық ұйымдардың қатарында ботаникалық бақ та кіргізілген.
Ботаникалық бақтың негізін салушы, ҚР еңбек сіңірген агрономы Равиль Рязапов жекешелендіру - оранжереяның қызметіне кері әсер етеді деп санайды. Ол бақтың шығындарының көп екенін алға тартып, бірде-бір кәсіпкердің шығынға ұшырағысы келмейтінін айтты.
Әлеуметтік желідегі «Равиль Рязаповтың ботаникалық бағы» атты топта қала тұрғындарының оранжереяны жеке меншікке беру туралы пікірін білуге арналған сауалнама басталды.
114 жылдық тарихы бар Петропавлдағы бұл бақ Халықаралық ботаникалық бақтар қауымдастығына енгізілген.