Петропавлдағы дауыл: қалада электр энергиясын беру қалпына келтірілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда энергетиктер кеше кешке болған дауылдың салдарымен күресіп, түске дейін жарықсыз отырған үйлерде электр қуаты қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Петропавлда электр қуатынсыз отырған үй жоқ, ол толық қалпына келтірілді.

«7 маусым күні найзағай ойнап, қатты жел тұрып, Петропавл қаласы бойынша 13 қосалқы станция істен шықты. Жедел түрде 4 бригада жасақталып, түні бойы жұмыс істеді. Таңғы сағат 8.00-ге дейін негізгі нысандарға жарық берілді. Түске дейін жеке тұрғын үйлердің өтінімдерімен айналыстық. Қатты желден электр сымдары үзілген», - дейді «Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ бас директоры Анатолий Казановский.

Энергетиктің айтуынша, олар табиғаттың мұндай тосын мінезіне дайын болған.

«Әдетте, біздің аймақта аптап ыстықтан кейін дауылдатып, найзағайлатып жауын жауады. 6 маусым күні барлық құрылымдық бөлімшелерге телефонограмма жолданды. Барлық керек-жарақты, қосалқы бөлшектерді әзірлеп, дауылдың салдарын жоюға дайын отыруды ескерттік. Өйткені, көп жылғы тәжірибеден ыстықтан кейін қатты дауылды жаңбыр жауатынын көріп жүрміз», - дейді Анатолий Казановский.

Бұған дейін Петропавлда коммуналдық қызметтердің дауылдың салдарымен күресіп жатқанын айтқан едік. «Іkomek-109» қызметіне облыс орталығы тұрғындарынан кешкі сағат 21.00-ден таңғы сағат 8.00-ге дейін 215 өтініш келіп түскен. Оның 90 % жарықтың сөндірілуіне қатысты болған.


Соңғы жаңалықтар