Петропавлдағы жылу-электр орталығы мұржасының құлауына қатты жел себеп болуы мүмкін

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы жылу-электр орталығындағы апатқа байланысты бірден бес қазандық сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев пен төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов жүр.

Орталықтағы №1 түтін мұржасы жартылай құлап түскен. Қалған екеуі жұмыс істеп тұр.

ТЖД мәліметінше, түтін мұржасының құлауына қатты жел себеп болуы мүмкін. Бүгін күндіз 112 қызметі өңірде секундына 28 метрге дейін дауыл тұратынын ескертіп sms хабарлама жіберген еді.

Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖД жедел тобы, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полицейлер және жедел жәрдем жұмыс істеп жатыр. Әзірге зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Ал, әлеуметтік желіде тұрғындар пәтерлерінің салқындап кеткенін айтып шағымдануда.

«Әзірге біз түтін мұржасының неден құлағанын айта алмаймыз. Тергеу жүргізілетін болады. Мұржа қазандық цехының маңында құлаған. Салдарынан 1-5 қазандық агрегаттары тотатылды. Қазіргі уақытта екі қазандық агрегаты ғана жұмыс істеп тұр. Түнде тағы төртеуін қосу жоспарланған. Нәтижесінде 6 қазандық агрегаты жұмыс істейтін болады.

Жұмысшыларға келер болсақ, әзірге зардап шеккендер анықталған жоқ. Түгенделіп жатыр. Сондай-ақ үйінділермен жұмыс жүріп жатыр. Ағымдағы мәселелерді шешу үшін жедел штаб құрылды», - дейді «СевКазЭнерго» АҚ баспасөз хатшысы Лилия Шерина.


Соңғы жаңалықтар