Петропавлдағы жылу-электр орталығының қаза тапқан жұмысшысына қатысты тергеу аяқталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы жылу-электр орталығының қаза тапқан машинисіне қатысты тергеу аяқталып, іс құқық қорғау органдарына берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құқық қорғау органдары енді қаңтар айының басында жұмыс орнында денесінің 80% күйіп, кейін Омбының күйік орталығында қайтыс болған машиниске қатысты кәсіпорын жұмысшыларының кінә деңгейін анықтайды.
СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің бас маманы, комиссия төрағасы Гүлнара Мырзақанованың айтуынша, тергеу он күнге созылды.
Анықталғаны, сол күні ауысымды беру кезінде күл шығаратын қондырғының белдігі үзіліп, шнек тоқтап қалған. Салдарынан күл толып қалған. Ауысым басшысы сол учаскеге жауапты темір ұстасы мен жұмысшыны жібереді. Жұмысшы қондырғыдағы арнайы тесікке шлангі тығып, сумен жуған.
«Ауысымға келгендер өз жұмыс орындарына жайғасып, кезекшілікте болғандар, соның ішінде зардап шегуші де бар – төменге түскен. Бірақ аға машинист тәртіпке келтіруге екі адамды ғана: көмекшісі мен жұмысшыны жұмсаған. Зардап шеккен 8 қазандықтың машинисті мен 10 қазандықтың машинисті олармен өздері еріп барған. Зардап шегуші қондырғыға жақындап, үлкен есікті ашуды ұсынған. Осы учаскеге жауапты машинист-аралаушы оны тоқтатпаған, «аш» деп өзі аулағырақ кеткен», - дейді Гүлнара Мырзақанова.
Қайтыс болған жұмысшы есікті ашқан кезде лап еткен күл мен будан күйік алыпты.
«Дұрыс бақылау болмаған. Ол төменде болмауы керек, есікті ашқаны – технологиялық процесті бұзғаны. Сол учаскеде еңбек ететін жұмысшылар оны ашпау керектігін білген. Барлығы машинистің есікті неге ашқандығын түсінбегенін айтты. Мүмкін қондырғының күлден тазарғанына көз жеткізбек болды. Бірақ ол үшін арнайы терезе бар. Әрі қазандық жұмысында кінәрат болмаған», - дейді Гүлнара Мырзақанова.
Комиссия болған оқиғаның мән-жайын анықтап, «өндіріс жұмысын қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, еңбек және өндірістік тәртіпті сақтамау және зардап шегуші өрескел абайсыздыққа жол берген» деген шешім шығарды. Істің соңғы нүктесін құқық қорғау органдары қояды.