Петропавлдағы жылу орталығын қалыпқа келтіруге 18 млрд теңге қажет

Солтүстік Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, 1961 жылы салынған Петропавл жылу-электр орталығы бүгінде 60%-ға тозған. Ал кәсіпорындағы кейбір қазандық агрегаттары 70-73 %-ға, турбоагрегаттар 78-82 %-ға ескірген. Сондықтан орталықтың апатсыз жұмыс істеуі мүмкін емес.
«2020-2021 жылғы жылыту маусымында 13 технологиялық олқылық тіркелсе, биылғы жылыту маусымында олардың саны 39-ға жетті. Ол облысты жылу және электр қуатымен қамту сапасына әсер етті.
20 наурызда жылу-электр орталығындағы № 1 түтін мұржасы жартылай опырылып құлады. Қазіргі уақытта тергеу органдары оның құлау себептерін анықтап жатыр. «СевКазЭнерго» АҚ орталықтың жұмысын қалпына келтіру үшін Жол картасын жасады. 15 сәуірден бастап опырылған мұржаны бұзу басталады. Бұдан кейін техникалық нысан зерттеліп, жаңа мұржаны салу жобасы әзірленеді», - дейді Бақыт Ілиясов.
Биылғы жылыту маусымында жылу-электр орталығында 5 рет апат болып, салдарынан 12 қазандық агрегатының тек 2-5-еуі ғана жұмыс істеген кездері болды. Маманның айтуынша, тұрғындарды жылумен толық қамту үшін 9 қазандық агрегаты мен 6 турбоагрегат жұмыс істеуі қажет.
«Жылу-электр орталығындағы қондырғылар ескірген. Кәсіпорынға кезең-кезеңмен жаңғырту жүргізу қажет. Қазір болжам бойынша орталықты жөнге келтіру үшін шамамен 17,9 млрд теңге қажет», - дейді басқарма басшысы.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері тозығы жеткен жылу орталығын жөндеудің тиімділігіне шүбә келтірді. Олардың пікірінше, жаңа жылу-электр орталығын салу мәселесін көтеру қажет. Әзірге апат орнында республикалық мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр.