Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Петропавлдың көшесі Гиннес рекордтар кітабына енуі мүмкін

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесі бейресми түрде әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі болып саналады.

ы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Оның ұзындығы – 2,4 км. Петропавл әкімдігі көшені Гиннестің рекордтар кітабына енгізу мақсатында қажетті құжаттарды әзірлеп, ресми өтінім жолдады.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қазір бұл рекорд Қытайдың Харбин қаласындағы Чжунъян Дацзе көшесіне тиесілі. Оның ұзындығы – 1,2 км. 

Қазақстан Конституциясы көшесі – Петропавлдың тарихи келбетін айқындайтын негізгі орындардың бірі. Көше бойында XIX ғасырдан сақталған ғимараттар бар. Олардың бірқатарына тарихи ескерткіш мәртебесі беріліп, мемлекет қорғауына алынған.

м
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Тарихи деректерге сүйенсек, бұл ғимараттардың басым бөлігі сол кезеңдегі көпестердің үйі болған. Мәселен, Қазақстан Конституция көшесі, 18 мекенжайындағы екі қабатты үй 1890 жылы бой көтеріп, көпес Чукановқа тиесілі болған. 

Ал осы көшедегі көпес Стреловтың үйінде қазір облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан. 

Қазір көше күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Үш жылға шақталған жоба аясында 20 мың шаршы метрден астам кеспетас жаңартылады. Сонымен қатар көше жарығы, инженерлік және басқа да инфрақұрылым кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр.

f
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

- Көше наурыз айында қабылданған дизайн-код талаптарына сәйкес жаңартылып жатыр. Кеспетас төселіп, көше жарығы орнатылды. Сонымен қатар инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғырту кезінде көшенің тарихи сәулетін сақтауға басымдық беріледі, - деді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.

Бүгінде Қазақстан Конституциясы көшесі қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын мәдени және туристік орталықтардың біріне айналған. 

d
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Жаңартылғаннан кейін серуендеуге, демалуға және түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналмақ.

Бұған дейін Атырау облысындағы екі жақта 28 жол белгісі тұрған «ерекше көше» туралы жазған едік.