Петропавлдық отбасы жиырма жыл бойы судың ақшасын төлемеген

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдық отбасының пайдаланған су үшін қарызы 800 мың теңгеге жеткен. Сумен қамтитын компания соттың шешімімен борышкерлерге қатаң шара қолдана бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл Су» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғындары сумен қамтушы компанияға 30 млн теңгеге жуық сома қарыз. Бір отбасының берешегі 800 мың теңгеге жеткен. Осылайша олар шамамен 20 жылдай пайдаланған су үшін коммуналдық ақы төлемеген.

«Айына орташа 3,5 мың теңге шығады. Қаншама ескерткенімізбен қарыздан құтылуға тырыспады. Енді ол пәтерге кәріздік бітеуіш қойылады. Жалпы мұндай қатаң шара қолданбас бұрын 30 күн бұрын ескертіп, тұтынушыға хабарлама жібереміз. Егер осы аралықта қарызды төлемесе, соттың шешімімен кәріздік құбырға бітеуіш салынады. Әдетте мұндай шараны берешегі 15 мың теңгеден асып кеткенде қолданамыз. Төлеген жағдайда бітеуішті ақша төлеп алғызады», - дейді кәсіпорынның тұтынушылармен жұмыс бойынша бөлім басшысы Нұргүл Самалықова.

Мамандардың айтуынша, бітеуіш қойғаннан кейін ғана тұрғындар қарыздан құтылуға тырысады.

Ал жалпы Петропавлда қазір 500-ден астам абонент қасақана төлемеуші ретінде сумен қамтитын компанияның есебінде тұр.


Соңғы жаңалықтар
telegram