Петропавлдың атын «Қызылжар» деп өзгертуге әлі ертерек - Т. Симамбаев

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Петропавлдың атын «Қызылжар» деп өзгертуге әлі ертерек. Бүгін Парламент Сенатындағы жалпы отырыстан кейін журналистерге берген сұхбатында сенатор Тасбай Симамбаев осылай мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, кешегі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жарасбай Сүлейменов Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған болатын.

Петропавлдың атын  «Қызылжар» деп өзгертуге әлі ертерек - Т. Симамбаев

«Кейінгі кездері бірқатар саясаткерлер қалалардың атауын өзгерту туралы мәселе көтеріп жатыр. Өзімнің сайлау округім болғандықтан Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласын «Қызылжар» деп атау да ұсынылған. Бұл ұсыныс бір жағынан керек болса, қажет емес тұстары да баршылық. Біз өзіміздің жерлестерімізбен зертей келе, бұндай мәселенің көтерілуі әлі де ертерек екендігін айтқымыз келеді. Неге десеңіз қалада 60 пайыз орыс халқы тұрады. Украин, неміс басқа да ұлт өкілдері баршылық. Солардың бәрін құрасақ солтүстік өңірдегі салмағы 70 пайызға тартады. Олардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді. Соның бәрін есепке алып, қала атауын ауыстыруды көтеру әлі де ертерек деп ойлаймыз», деді сенатор.

Сонымен қатар, депутат телефон арқылы осы мәселе төңірегінде хабар алысқанын, облыстағы басқа ұлттардың «кейбір жерлерге, шіркеулерге жиналып» қала атауын ауыстыруға қарсылық білдірмекші екен. Тіпті қол жинап жатқан жұрт та бар көрінеді. «Облысымызда тату-тәтті, әп-әдемі бірлікте еңбек істеп жатқан халық бар. Ал атауды өзгертетін уақыт әлі ерте, өз кезегінде істеу керек», деді ол.