Петропавлға мол су келуіне байланысты эвакуация пунктерінің саны артты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда Заречный кентінде № 13 мектепте орналасқан эвакуациялық пункт тасқын суға байланысты көшірілді. Сондай-ақ білім мекемелерінде тұрғындарға қосымша орындар әзірленіп жатыр.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, Заречный кентіндегі эвакопункт № 2 орта мектепке көшірілді.
Үйлерінен көшірілген тұрғындар үшін Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда да жатын орындар әзірленді.

Бұдан бөлек Петропавлдағы Назарбаев, 247 мекенжайында орналасқан № 4 орта мектепте, Калюжная, 22 мекенжайындағы № 14 мектепте, Рыжов, 51 мекенжайында орналасқан № 12 мектепте, кәсіби-педагогикалық колледжде және жоғары құрылыс-экономикалық колледжде эвакуациялық пунктер орналасқан.
Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, Қызылжар ауданы Боголюбово орта мектебіндегі № 14 эвакуациялық пунктке Боголюбово және Надежка елді мекендерінің тұрғындары орналастырыла бастады.

Тек бүгін 40 жатын орны бар орталыққа 30 адам, оның ішінде 13 бала жеткізілді.
«Тұрғындарға мектептерде орналасқан эвакуациялық пунктерде жағдай жасалған. Боголюбово орта мектебінде тұрғындарға мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер үш мезгіл тамақ беріп жатыр. Мұғалімдер тәулік бойы кезекшілік атқарады», — дейді департаменттің баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Петропавлда бүгіннен бастап Есіл өзені тасып жатыр.
Ал электр бағандарын тасқын судың құлатуына байланысты облыс орталығында су беру тоқтатылды.
Петропавл әкімі қаланы сумен қамту 4 сағат ішінде қалпына келетінін хабарлады.

