Петропавлға саяхаттап келген аустриялық азамат адасып, стадионда түнемек болған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Полицейлер «Динамо» стадионында түнемек болған ер адамды байқаған.

Петропавлға саяхаттап келген аустриялық азамат адасып, стадионда түнемек болған
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 46 жастағы аустриялық саяхатшы облыс орталығына келіп, адасып кеткен. 

СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Аарон Арьяның шын мәнінде елге заңды негізде келгеніне көз жеткізді. Ол Астанаға Түркиядан ұшып келіп, Петропавлға жол-жөнекей кетіп бара жатқан көліктермен жеткен. Тәртіп сақшылары оны қонақүйге орналастырды.

Аарон Арьяның әлемді аралап, елдерге саяхаттап жүргеніне бірнеше жыл болған. Оны ауылдық жердің тыныс-тіршілігі қызықтырады екен. Сол үшін қазіргі уақытта Орталық Азия елдерімен танысуды жоспарлап, жолға шыққан. 

Ол Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Полицияның көрсеткен көмегіне риза болған ол ертесіне қайтадан жолға шығып, сапарын жалғады. 

Бұған дейін Петропавлда су тасқынына қарсы жұмыс барысында елуге жуық мылтық ұңғысы табылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар