Peugeot компаниясы 2017 жылы Қазақстанның автомобиль нарғындағы үлесін 5 пайызға жеткізбек
АЛМАТЫ. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматыда Қостанай қаласындағы «АгромашХолдинг» зауытында жиналған алғашқы Peugeot автокөліктерінің тұсаукесері өтті.
Компания өз тұтынушыларына Қазақстанда шығарылған Peugeot 301, Peugeot 3008, Peugeot 508, Peugeot Partner үлгілерімен қатар Ресейдің Калуга қаласында PSA Peugeot Citroën зауытында толық цикл режимінде шығарылатын Peugeot 408 моделін ұсынуда. Қазақстандағы өндірістік қызмет AllurGroup тобына енетін «АгромашХолдинг» АҚ-мен әріптестік аясында дамуда.
«Жобаның бастапқы кезеңінде Peugeot автокөліктерінің шығарылу көлемі жылына 4 мың бірлікті құрайтын болады. Біз нарықтағы үлесімізді біртіндеп нығайтып, 2017 жылы оны 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өнеркәсіптік және коммерциялық операцияларды біріктіріп отырған бұл жоба Қазақстанның ұлттық автоиндустриясының дамуына және Peugeot белгісінің коммерциялық жетістікке қол жеткізуіне ықпал ететін болады», - дейді Peugeot Қазақстан компаниясының бас директоры Клод Коэслие.
AllurGroup Автокөліктік компаниялар тобының президентіАндрей Лаврентьевтің айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың Peugeot автокөліктерін Қазақстандағы осы сауда белгісінің ресми дилерлерінен сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Жобаның бұл кезеңінде еліміздің басты өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Астана, Қарағанды және Қостанай қалаларында 4 Peugeot автоорталығы ашылуда. Келесі жылы олар нарықтық қамтуды 65 пайызға дейін арттыру үшін тағы төрт орталық ашуды жоспарлап отыр. Өйткені нарық біртіндеп өзгеруде. Қазақстанда шығарылған автокөліктерге деген сұраныс біртіндеп артып келеді. Елімізде өндірілетін жаңа брендтердің әлеуеті өте зор. Peugeot AllurAuto жобасының жетекшісі Андрей Павликовтың сөзіне қарағанда, тұрақты экономикалық өсу жағдайында қазақстандық автокөлік нарығы қарқынды түрде дамып келеді. 2011 жылы елімізде 45 мың, 2012 жылы 98 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылды. Болжамдар бойынша нарықтың көлемі 2017 жылы 300 мың бірлікке жететін болады.