Пезешкиан: Иран АҚШ-пен келіссөздерді жалғастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Иран АҚШ-пен арадағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздерді жалғастырып жатыр. Алайда Тегеран өзіне қатысты қорлайтын шарттарды қабылдауға ниетті емес. Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді. Бұл жөнінде Report агенттігі Tasnim ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Пезешкиан: Иран АҚШ-пен келіссөздерді жалғастырып жатыр
Фото: Report

— Біз келіссөздер жолында ақылға қонымды ұстанымға сүйене отырып, алға жылжуға тырысып жатырмыз. Алайда агрессиямен және қарсыластарымыздың кез келген орынсыз әрекетімен келісуге ниетті емеспіз, — деді ол.

Иран президенті Тегеранның қорлыққа төзбейтінін және өзін қорқыту әрекеттеріне қарсы тұратынын ескертті.

Соңғы айларда Иран мен АҚШ арасында қарулы қақтығысты тоқтату мәселесіне қатысты келіссөздер делдалдар арқылы мезгіл-мезгіл жүргізіліп келеді.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери әрекеттерді 2027 жылдың қаңтар айының соңына дейін қаржыландыруға қаражат жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.