Пезешкианның Қазақстанға сапары Иран үшін биылғы ең маңызды оқиғаның бірі — саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға сапар Иранның сыртқы саясатты әртараптандыруға және өзге мемлекеттермен байланыс орнатуға тырысатынын көрсетеді. Бұл туралы түрік-герман университетінің докторы, саясаттанушы Заур Гасимов айтты.
AnewZ порталына берген сұхбатында түрік-герман университетінің докторы, саясаттанушы Заур Гасимов Иранның қазір неге Қазақстанға көңіл аударып отырғанын, аймақтағы жағдай қалай өзгеріп жатқанын және Тегеранның неге сыртқы саясатты әртараптандыруға тырысатынын түсіндірді.
Оның сөзінше, президент Пезешкианның Қазақстанға сапары – Иран үшін осы жылдағы ең маңызды дипломатиялық оқиғалардың бірі.
— Неге бұл сапар қазір осыншалықты стратегиялық мәнге ие? Мен Иран мен Орталық Азия арасындағы қатынастарда қандай да бір серпіліс болды деп айтпас едім. Өткен жылы көргеніміздей, Қазақстан — өңірдегі ең мықты экономикалық мемлекет болса да — Иранмен қауіпсіздік немесе басқа салаларда белсенді түрде жұмыс істемеген. Иран Өзбекстанмен және тілі жақын Тәжікстанмен әлдеқайда тығыз байланыста болды. Бірақ Қазақстанға сапар Иранның сыртқы саясатты әртүрлі елдермен жүргізуге және тиімді мемлекеттермен байланыс орнатуға тырысатынын көрсетеді. Бұл ел қазіргі таңда маңызды экономикалық және саяси оқшауланудың жағдайында, соның кесірінен ауыр қаржылық және экологиялық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Сондықтан Қазақстанмен ынтымақтастық Кавказ аймағындағы геосаяси динамика тұрғысынан да ерекше мәнге ие болып отыр, — деді сарапшы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Масуд Пезешкиан 10-11 желтоқсан күндері Астанаға ресми сапармен келетіні белгілі болды.
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алды.
Бұған дейін Kazinform-ның аналитикалық шолушысы Астана мен Тегеран арасындағы келіссөздің астарына үңіліп көрген еді.