«Pfizer» делегациясы Қазақстанға келді
Келіссөз өткен жылы қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған сапары барысында «Pfizer» компаниясымен қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес жүргізілді.
Кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Ренат Есқалиев қатысты.
Келіссөздер барысында Қазақстанда американдық компанияның болуын кеңейтудің өзекті мәселелері, оның ішінде «Prevenar-13» пневмококкты вакцинаның келісімшарттық өндірісін оқшаулау талқыланды. Американдық тарап қазақстандық нарыққа биофармацевтикалық трансұлттық компанияларды тарту үшін жергілікті заңнаманы жетілдіру жөніндегі күш-жігер туралы хабардар етілді. Өз кезегінде «Pfizer» басшылығы фармацевтикалық қызметті реттейтін ҚР нормативтік-құқықтық актілеріндегі өзгерістерді оң бағалады.
Штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан «Pfizer» американдық трансұлттық компаниясы – биофармацевтикалық нарықтың әлемдік көшбасшыларының бірі. Компанияның негізгі зерттеу орталығы Коннектикут штатындағы Гротон қаласында орналасқан.
Бүгінде компания жүрек-қантамыр жүйесі, тірек-қимыл аппараты ауруларына қарсы дәрі-дәрмектерді жасаумен айналысады, антибиотиктер, виагра, иммунодепрессанттар және т.б. шығарады. 2020 жылы «BioNTech», «Pfizer» мен «Fosun Pharma» компаниялары коронавирусқа қарсы вакцина әзірледі.
Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі