Pfizer вакцинасы Алматыға қашан әкелінеді –басқарма басшысының жауабы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев онлайн брифинг барысында америкалық Pfizer вакцинасы Алматыға қашан әкелінеді? деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Pfizer вакцинасы Алматыға қашан әкелінеді –басқарма басшысының жауабы

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Pfizer вакцинасының тиімділігі әлемнің көптеген елдерінде жоғары бағаланатынын атап өтті. Оны қазақстандықтар да күтіп отыр.

«Біз аталған вакцинаның Қазақстанда қашан және қанша болатынын нақты айта алмаймыз. Келіссөздер жүріп жатыр, нақты күні әлі белгісіз», - деп жауап берді спикер.

Бұған дейін, ол Алматыда коронавирусқа қарсы Hayat-Vax және CoronaVac вакциналары таусылғанын айтты.

«Бүгінгі күні QazVac вакцинасы да аз қалды», - деп қосты басқарма басшысы.

Еске салсақ, 10 шілдеде өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарат Тоқаев Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керектігі туралы айтқан болатын.