Пхеньян даулы теңіз шекарасындағы Оңтүстік Кореяның жаттығуына «қуатты қарсы соққы беруге» уәде берді
АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат - Пхеньян Оңтүстік Корея Әскери-теңіз флотының ағымдағы аптаға жоспарланып отырған жаттығуына «қуатты қарымта соққы беруге» уәде берді.
Солтүстік Корея әскери қолбасшылығының өкілдері хабарлағандай, жаттығудың екі ел арасындағы даулы шекара аумағында өтетіндігі олардың наразылығын туғызып отыр, деп хабарлады РБК агенттігі.
Корея Халық Демократиялық Республикасы «сатқындар тобы өткізуді жоспарлап отырған әскери-теңіз жаттығуына лайықты жауап беру туралы шешім қабылдады», деп мәлім етті әскери қолбасшылық. Пхеньян сондай-ақ, оңтүстіккорейлік жаттығудың екі Кореяның арасындағы даулы теңіз шекарасындағы «солтүстік межелеу сызығын» өз күшінде қалдыруды мақсат еткен «саяси арандатушылық» әрекет болып табылатынын мәлім етті.
Солтүстік Кореяның әскери қолбасшылығы барлық азаматтық кемелерге операция жүргізілетін ауданнан алыстау жүрулерін ескертті.
Сеул тарабының әскери-теңіз жаттығуы тамыздың 4-і мен 9-ы аралығына жоспарланып отыр.