Пхенчхан-2018: Қазақстан спортшыларының допинг сынамасы Дрезденге жіберілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына баратын спортшылардың допинг сынамасы Германияға жіберілді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пхенчхан-2018: Қазақстан спортшыларының допинг сынамасы Дрезденге жіберілді

«Ұлттық Олимпиада комитеті Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, допинг пайдалану фактілеріне жол бермеу шараларын қабылдады. Біздің олимпиадалық команданың барлық әлеуетті кандидаттары бірнеше мәрте допинг сынағынан өтті. Әрбір спортшыдан соңғы сынама осы жылдың қаңтар айының басында алынып, Дрездендегі допингке қарсы комитетке жіберілді. Яғни, Олимпиадаға тек қана таза спортшылар барады деп үміт артамыз. Меніңше, бұл негізгі мәселелердің бірі», - деді комитеттің бас хатшысы.

Үкімет отырысынан кейін де БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген Данияр Әбілғазин «лас» спортшылардың алдағы байрақты бәсекеге қатысуына жол бермуге бағытталған барлық шаралардың жүзеге асырылғандығын баса айтты.

«Сондықтан да біз спортшыларымыздың 99,9 пайызға допингтен таза баратындығына сенімдіміз», - деді ол.

Айта кетерлігі, Данияр Әбілғазин спортшыларымыз туыстарымен ұялы байланысқа шығуы үшін демеушілер есебінен 30 млн теңге қосымша бөлінгендігін айтқан еді.

Ал Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тіледі.