Пхенчхан мен Каннында олимпиадалық қалашықтар ашылды
Олимпиадалық қалашықтардың ресми ашылу салтанатына 2018 жылғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің басшысы Ли Хи Бом, Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах және Корея спорт министрлігінің өкілдері қатысты.
Томас Бах Олимпиадалық қалашықтың қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы ең үздігі екендігін тілге тиек етіп, барлық спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгін Пхенчханға бірінші болып Қазақстанның биатлоннан ұлттық құрамасы жетті. Ал конькишілеріміз Жапониядағы оқу-жаттығу жиындарын аяқтап, ертең Кореяға жол тартады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан құрамасы Олимпиадаға 57 жолдама жеңіп алып, 46 спортшымыз қысқы спорттың 9 түрінен бақ сынайтын болады.
Естеріңізге салайық, ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді. Оған 95 мемлекеттен 2900 спортшы мен ресми өкілдер қатысады деп күтілуде.