Пхенчхандағы Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан алты атлет қатысады
Қазақстан құрамасының сапына алты атлет пен бір спортшы-гид енді. Еліміздің спортшылары Ойындарда шаңғы жарысы және биатлон бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, құрамадағы спортшылардың қатарында Александр Колядин, Денис Петренко, Сергей Усольцев, Александр Герлиц, Қайрат Қанафин және Жаңыл Балтабаева бар.
Паралимпиада-2018 аясында Қазақстан атлеттері екі оқу-жаттығуды Германияда және біреуін Ресейде өткізді. Дайындықтың қорытынды кезеңі Талғарда ұйымдастырылуда.
«Техникалық база мен жабдықтарға тоқталсақ, біздің атлеттер үшін ең үздік құралдар сатып алынды. Осы орайда атлеттің қажеттіліктеріне қарай бұл жабдықтар арнайы дайындалды», - делінген ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің хабарламасында.
Айта кетейік, Пхенчхандағы Ойындарда 80 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қысқы Паралимпиада ойындары Пхенчханда 8 наурызда басталады.