Philips компаниясы 7-нші қысқы Азия ойындарының атқарушы дирекциясына төрт дефибриллятор сыйға тартты
АЛМАТЫ. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Philips компаниясы 7-нші қысқы Азия ойындарының атқарушы дирекциясына төрт дефибриллятор құрылғысын сыйға тартты. Аталған құрылғы жүректің тоқтауы кезінде, жасанды тыныс алдыруға көмек береді.
«Жүректің тоқтауы аяқ асты орын алуы мүмкін. Бұл әсіресе спорттық шаралар өтетін, халық көп шоғырланатын жерлерде жиі болады. Сондықтан медициналық жәрдем жеткенше көмек көрсететін дефибриллятор құрылғысын 7-нші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру дирекциясына сыйға тартуды жөн көрдік»,- деді Philips Electronics компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Давид Галинек. Оның қолынан құрылғыны қабылдап алған ойындардың медициналық қауіпсіздік жөніндегі бас сарапшысы Төлеген Дүйсеновтің айтуынша, дефибрилляторлар «Астана -Арена» стадионына, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына, екі қаланың халықаралық әуежайларына орнатылады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ойындарды ұйымдастыру дирекциясы 10 дефибриллятор сатып алған еді. Т.Дүйсеновтың айтуынша, бұлар ойындар өткізілетін спорттық нысандарға орнатылған. "Спорттық шаралар кезінде бұндай жабдықтардың болуы өте маңызды. Өйткені осы жабдықтарды пайдалану жүректің аяқ асты тоқтауының 90 пайызында адам өмірін сақтап қала алады",-деді ол.