ПИК-терінің орнына басқарушы компаниялар келеді - С. Нокин
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Көп пәтерлі үйлерге қызмет көрсету саласында басқарушы компаниялар құру қажет.
Бүгін ҚР Құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде агенттік төрағасы Серік Нокин осылай айтты.
«Бүгінгі таңда тұрғын үй қарым-қатынастары саласында көп пәтерлі үйлерді қалпында ұстау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда біз көп пәтерлі үйлерге қызмет көрсететін басқарушы компаниялар құру қажет деп санаймыз. Себебі, қазіргі кезде кәсіби дайындығы төмен жұмыскерлері бар пәтер иелері кооперативтері өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындамай келеді»,- деді С. Нокин.
Агенттік төрағасы атап көрсеткендей, басқарушы компаниялар тұрғын үй нысандарының пайдаланылуына жауап берсе, ПИК пәтер иелерінің мүддесін қорғамақ.
С. Нокиннің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде агенттік басқарушы компанияларды құру бойынша Қарағанды қаласында алғашқы жобаны жүзеге асыруға кірісті. 2011 жылы осы іспетті жобалар Астана, Ақтөбе, Шымкент және Атырау қалаларында қолға алынбақ.
«Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін «Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылықты дамыту және жаңарту қазақстандық орталығы» АҚ-ның жарғылық қорын 500 млн. теңгеге толықтыру қажет»,-деп атап көрсетті С. Нокин.