ПИК жұмысына көңілі толмайтын астаналықтар үшін шұғыл нөмір іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының күрт бұзылуына орай Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары аулаішілік аумақты тазарту, көктайғақ және санитарлық тазарту мәселелеріне алаңдаушылық танытуда.

ПИК жұмысына көңілі толмайтын астаналықтар үшін шұғыл нөмір іске қосылды

Қоспалардың аулалар аумағына уақытылы себілмеуі салдарынан көктайғақ болып, адамдардың құлап, жарақат алу жағдайлары көбеюде. Аталмыш мәселелер бойынша жауапкершілік ПИК-ке жүктеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Осы орайда, халықты уақытылы ақпараттандыру,сондай-ақ тиімді кері байланыс орнату үшін қала тұрғындарынан өтініштер қабылдайтын шұғыл желі ашылды. Елордалықтар 8(7172) 93-08-99 нөміріне немесе ұялы телефоннан 109 (қоңырау тегін) қысқа номеріне хабарласа алады.

Қазіргі кезде Астанада 467 пәтер иелері кооперативі бар. Соның ішінде 144-і - Сарыарқа, 231-і - Алматы және 92-сі Есіл аудандарында жұмыс істейді. ПИК міндетіне тұрғын үй маңындағы аумақты жинау, соның ішінде қар шығару, жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту, тротуарларға құм себу жұмыстары жатады.

Аумақты қар мен мұздан тазалау жұмыстары жүргізілмесе немесе олар сапасыз болса, ПИК ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы «Абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.