Пікірталас жұмыртқа немесе бәтеңке лақтыруға ұласқан кезде, бәтуадан береке кетеді - Серік Жанболат

«Иә, біреудің министрге жұмыртқа лақтырғанын ғаламтордан көрдім. «Баспасөз мәслихатына бірнеше жұмыртқа алып келетін қандай журналист бұл?» деп таңғалғаным рас. Өйткені, біз журналистер кездесуде жұмыртқа лақтыруға дайындалып келмейміз. Журналистің ең басты дәлелі: дерегі, ұстанымы. Пікірталас жұмыртқа немесе бәтеңке лақтыруға ұласқан кезде, бәтуадан береке кетеді. Ондай жерде бір ғана нәтиже болады: жанжал. Жұмыртқа лақтыруға дайындалып келген адамның көздегені сол ғана. Министр Серік Әбденовке өмірімде бір рет риза болдым. Өзін салмақты ұстады. Қызу қанды жігіт болса әлгінің бетін табақтай қылар ма еді? Мұны түсіну үшін әркім өзін «жұмыртқаға жуынған жігіттің» орнына қойып көрсін. Сондықтан мен әлгі жұмыртқа жинап келіп бұршақша жаудыратын адамның ісін бейбастақтық, мәдениетсіздік деп бағалаймын. Біреуге қарсылық тым дөрекі болса, оны басбұзарлық, тәртіпсіздік деп атауға тиіспіз. Сондықтан ол жауап беруге тиіс. Бұл өзгеге үлгі болар іс емес», - деді С.Жанболат.