Пилоттық жоба: Алматы полициясының Қызмет көрсету орталықтарында қандай қызмет алуға болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда жаңа форматта қызмет көрсетуге бағытталған алғашқы полиция пункттері пилоттық режимде іске қосылды. Полицияның қызмет көрсету орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жоба Мемлекет басшысының полиция жұмысының сервистік моделіне көшу жөніндегі тапсырмасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен қалалық Полиция департаменті жүзеге асырып жатыр.
Жобаның басты мақсаты – қоғаммен ашық диалог орнату және тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру. Қазіргі уақытта қаланың жеті ауданында полицияның Қызмет көрсету орталықтары ашылған, сегізіншісі биыл қазан айында Түрксіб ауданында ашылады. Ғимарат қалалық бюджет есебінен сатып алынып, Полиция департаментіне қолданысқа берілді. Онда әкімшілік, көші-қон, ювеналдық полиция, учаскелік инспекторлар қызмет көрсетеді.
«Полицияның сервистік моделі арқылы азаматтар полиция қызметіне оңай қол жеткізе алады. Соның нәтижесінде халықтың полицияға деген сенімі артады деп күтеміз», - деді Алматы қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Екі жарым ай ішінде орталық қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарының 8,5 мың өтінішін өңдеді. Полицияның қызмет көрсету орталықтары барлығы 55 қызмет түрін көрсетеді. Орталықтар 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Полицияның қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары:
1. Алмалы ауданы, Төле би көш., 273А үй, 1;
2. Әуезов ауданы, Жетісу-3 шағын ауданы, № 5үй, 18;
3. Жетісу ауданы, Айнабұлақ шағын ауданы, 40А үй, 2 корпус, 17;
4. Медеу ауданы, Потанин көш., 14/17 үй, 108;
5. Бостандық ауданы, Көктем 3 шағын ауданы, № 24 үй;
6. Алатау ауданы, Ақбұлақ шағын ауданы, Суаткөл көш., 33/1 үй, 2;
7. Наурызбай ауданы, Шұғыла шағын ауданы, 347.