«Пиноккио» хикаясын қазақ тіліне аудару маңызды болды – италиялық жазушы
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Карло Коллодидің «Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» шығармасы тұңғыш рет итальян тіліндегі түпнұсқадан қазақ тіліне толық аударылып, жеке кітап болып жарық көрді. Жазушының туғанына 200 жыл толуына орай оқырманға жол тартқан туындының тағылымы мен қазақ және итальян әдебиетіндегі орны туралы тарихшы, жазушы әрі журналист Джордано Бруно Герри «Бүгін Live» бағдарламасында Kazinform тілшісіне айтып берді.
Жазушының пікірінше, «Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» шығармасының қазақша жарық көруі оның төл мазмұнын кеңінен танытуға жол ашқан. Ол бұған дейін кітап орыс тілінде жарық көргенін, бірақ бұл нұсқаның түпнұсқадан ерекшеленетінін атап өтті.
— Бұл шығарманы қазақ тіліне аудару аса маңызды болды. Өйткені бұған дейін жарық көрген орысша нұсқада оқиға желісі біршама өзгертілген, ал түпнұсқадағы баяндау өзгеше. Пиноккио туралы хикая итальян тілінің әсем өрнегімен жазылғанымен, тілі қарапайым әрі түсінікті. Сондықтан оны аудару кезінде айтарлықтай қиындық болған жоқ, – деді ол.
Джордано Бруно Герри көпшілікке бала кезден таныс бұл ертегі әлемнің 207 тіліне аударылғанын, енді олардың қатарын қазақ тілі де толықтырғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай аударма үлкен кәсіби шеберлік пен ерекше жауапкершілікті талап етеді.
– Бұл шығарманы сапалы аудару үшін аудармашының кәсіби шеберлігі мен мол тәжірибесі болуы шарт, – деді ол.
Сонымен бірге Қазақстандағы Италия елшілігінің мәдени атташесі Эдоардо Кризафулли кітапты аудару кезінде білікті маман таңдаумен қатар, оның бүкіл жұмыс барысына қолдау көрсетудің де маңызы зор болғанын атап өтті. Оның айтуынша, аудармашы және иллюстратормен ұдайы пікір алмасу шығарманың мазмұны мен өзіндік атмосферасын қазақ тілінде дәл жеткізуге мүмкіндік берген.
Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланыстарға тоқталған Эдоардо Кризафулли мұндай жобалар екі елдің достық қарым-қатынасын нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.
– Мәдениет саласындағы ортақ бастамалар екі елдің арасындағы қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтады. Ұлы Данте айтқандай, мәдениет – періштелердің азығы. Біз кино өнерінен бастап, түрлі бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асырып, мәдени байланыстарды және заманауи өнерді дамытуға күш салып келеміз, – деді ол.
Сондай-ақ ол келер жылы Джордано Бруно Герридің қатысуымен көрме өтетінін хабарлады.
Пиноккио – балалар ертегісінен де терең шығарма
Пиноккионың оқиғасы жас оқырманға қандай тағылым бере алатыны жөнінде ой бөліскен жазушы бұл туындының өз өмірінде айрықша орны барын жеткізді. Бала күнінде оған кітапты анасы оқып беріп, ерекше мән берген тұстарын қарындашпен белгілеп отырған.
– Анамның маған оқып берген кітабы әлі күнге дейін сақтаулы. Шығармадағы менің есімде ерекше қалғаны – Пиноккионың әкесімен қарым-қатынасы. Әкесі ұлының тентектігіне алғашында қиналғанымен, оған деген сүйіспеншілігінен айнымайды. Ақыр соңында дәл осы шексіз махаббат Пиноккионы нағыз балаға айналдырады, – деді Джордано Бруно Герри.
Әңгіме барысында спикерлер итальян және қазақ мәдениеттерінің өзара ұқсастықтарына да тоқталды. Атап айтқанда, екі халық та отбасын, ананы ерекше қадірлейді, саяхаттағанды және қамырдан дайындалатын дәстүрлі тағамдарды ұнатады. Сұхбаттасушылардың пікірінше, осындай күнделікті өмірдегі ортақ құндылықтар әртүрлі мәдениет өкілдерінің бір-бірін жақынырақ танып, тіл табысуына жол ашады.
Италиялық жазушының әйгілі шығармасы қазақшаға аударылғанын жазған едік.
Бұған дейін әдебиет пен кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы 10 қазақстандық жобаға 50 млн теңге грант бөлінетіні хабарланған болатын.