Пірматов: Инфляция тұрақты төмендеп келеді деп айтуға әлі ерте
«Еліміздің инфляциялық процестеріндегі біз күткен кейбір оң трендтерге қарамастан, инфляция тұрақты төмендеп келеді деп айтуға әлі ерте. Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысқан күйін сақтап отыр. Бұған жоғары және қысқа мерзімді баға шоктарына сезімтал инфляциялық күтулер ықпал етеді. Сонымен қатар реттелетін тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі нәтижесінде инфляцияның жеделдеу тәуекелі іске асырыла бастады. Мемлекеттік бюджет шығыстарын елеулі түрде қайта қарау және бюджеттік қағиданы пайдалануды уақытша тоқтата тұру қосымша проинфляциялық қысым тудыруда.
Жоғарыда көрсетілген тәуекелдерді, инфляцияның динамикасын және оның болжамдарға сәйкестігін ескере отырып, Ақша-кредит саясаты комитеті бірінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстау қажеттігі туралы бұған дейін де айтылған позициясын ұстанады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бұл басталған инфляциялық процестердің біршама баяулауын қолдауға, бюджет шығыстарының өсуінен болатын инфляциялық қысымды азайтуға және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақтануының алдын алуға мүмкіндік береді.
«Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешім жаңа деректердің, соның ішінде біздің 2023 жылғы мамыр айында болжамды жаңарту кезіндегі ескеретін реформа параметрлерінің шығуына тәуелді болады. Біз жанар-жағармай бағасының өсуінен болатын инфляцияға тікелей әсерге қатысты іс-шара қолдануды жоспарламаймыз. Сонымен қатар, монетарлық саясат бойынша шешім қабылдау кезінде біз қосымша әсерлерді, соның ішінде байланысты тауарлар бағасының өзгеруін, инфляциялық күтулерді мұқият қадағалап, талдайтын боламыз. Айтылған инфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық банк ағымдағы ақша-кредит жағдайларын сақтауды жалғастырады», - деді ҰБ төрағасы.