Пиротехниканы қалай дұрыс пайдалану керек – маман кеңесі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жыл сайын жаңа жылдық мереке күндері орта есеппен 11 өрт тіркеледі. Оның жалпы санының 18%-ға жуығы пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау салдарынан болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Төртқараев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, мегаполисте соңғы 5 жылда 56 өрт шыққан, оның 10-ы пиротехника салдарынан болған.
«Өткен жылғы жаңа жылдық мереке кезінде пиротехникалық бұйымдарға абайсыз қарау салдарынан медициналық мекемелерге 39 адам жүгінді. Оның 29-ы бала. Ауруханаға 8 адам жатқызылған, оның 7-уі бала», - деді ол.
Айтуынша, құтқарушылар жаппай адамдар тұратын нысандарда орнатылған 72 жаңа жылдық шыршаны есепке алды. Олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексеріліп, алдын алу шараларын күшейту бойынша ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, жаппай сырғанау үшін мұз айдындары ұйымдастырылатын 14 нысан назарға алынды, осы нысандардың иелерімен іс-шаралар өткізу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
«Алматы қалалық Полиция департаментімен бірлесіп «ПИРОТЕХНИКА» жедел-профилактикалық іс-шаралар жоспары келісіліп, бекітілді, соған сәйкес 25 желтоқсаннан бастап заң бұзушыларға жедел әрекет ету шараларын қолдана отырып, пиротехникалық бұйымдар сатылатын орындарда рейдтер ұйымдастырылады»,- деді спикер.
Ерболат Төртқараев Алматы тұрғындары мен қонақтарына пиротехникалық бұйымдарды сатып алу тек арнайы дүкендерде ғана жүргізілуі керектігін, бұл ретте өнімнің қаптамасының мыжылған немесе деформацияланбауын қадағалау керектігін ескертті.
Пиротехникалық бұйымдарды сақтау және қолдану кезінде Ерболат Төртқараев келесі ережелерді ұстануға кеңес береді.
-балалардың өз бетімен ракеталар мен петардаларды қосуына жол бермеңіз;
-қауіпті аймақ (50 метр)радиусында пиротехниканы қосуға кедергі болатын ештеңе жоғына көз жеткізіңіз;
-пиротехниканы тұтату кезінде ешқашан қораптың үстіне еңкеймеңіз;
-фитильді тұтату кезінде қол созым аралығындай орын қалдырыңыз;
-өнімді қатты жел кезінде қоспаңыз;
-пиротехниканы егер ол іске қосылмаған болса, қайта қосуға тырыспаңыз;
-ракеталар мен фейерверктерді адамдар мен жануарларға қаратпаңыз, хлопушкаларды аяқ астына тастамаңыз;
-Фейерверктерді қосу алаңы мен тұрғын үйлерге дейінгі ең аз қашықтық 50 метр болуы керек. Алаңда ағаштар, электр желілері және басқа да кедергілер болмауы керек, бұл отшашулар бағытын өзгерте алады.
Фото из открытых источников