Плагиат, пара, құпиялық: Ғалымдарға қойылатын әдеп үлгілері жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми әдеп үлгілері туралы бұйрық жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

Қазақстан аумағында жұмыс істейтін ғалымдарға қойылатын әдеп үлгілерінің қағидаты «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның талаптарынан туындап отыр. Ұсынылып отырған ғылыми әдеп үлгілері 11 принциптен тұрады. Оның ішінде әрбір ғалым ғылыми зерттеу қорытындысы бойынша ұсынып отырған мәлімдемесінің гипотеза екенін, ішінара немесе толық дәлелденген ереже екенін ашып көрсету керектігі айтылған.
«Бұрын орындалған зерттеулер мен жарияланған нәтижелерді жаңа зерттеулер ретінде ұсынуға жол берілмейді», - деп жазылған.
Ал зерттеу нысаны ретінде адамдар мен жануарлар тартылса, биоэтика жөніндегі комиссияның мақұлдауын алу қажет. Құжатта өзге ғалымдар мен зерттеушілерді кемсітіп, қудалау да ғылыми әдепке жат екені айтылған.
«Ұлттық ғылыми, диссертациялық кеңестер мен комиссия мүшелерінің, сарапшылар мен рецензенттердің объективтілігіне әсер етуі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді», - деп жазылған бұйрық жобасында.
Сондай-ақ, ғылыми әдеп қағидаты зерттеу барысында алынған құпия ақпаратты таратуға жол бермейтіні атап көрсетілген.