Пласидо Доминго Астананың 11 жылдық мерекесі құрметіне қазақша ән шырқайтын болады

Астана. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Шілденің 5-і күні әлемге әйгілі тенор дауысты опера әншісі Пласидо Доминго Астана қаласының 11 жылдық мерекесіне орай Тәуелсіздік сарайында өтетін тұңғыш концертінде қазақ тілінде ән шырқайтын болады.

Пласидо Доминго Астананың 11 жылдық мерекесі құрметіне
 қазақша  ән  шырқайтын  болады
Бұл туралы опера майталманы блиц-сауалда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Испандық әншінің сахнада әлемнің әр тілінде ән салып жүргеніне көп жыл болды. Тыңдаушылары Пласидо Домингоның аузынан өз ана тілінде ән тыңдауды мәртебе санайды. Енді ол Орталық Азия аймағында өтетін тұңғыш концертінде қазақша шырқайтын болады. Осы уақытқа дейін бұрынғы кеңес одағындағы ұлттық республикалардың басым көпшілігіне мұндай ниет танытқан емес. Әрі ол өзі өнер сапарымен барған елдердің бәрінде бірдей сол ұлттың тілінде шырқай бермейді. Концерттің негізгі бөлігінде Массненің, Вагнердің, Масканьидің, Легараның және Веласкес пен Соросабальдің туындылары орындалады. - Мен, негізінен, көрермендерім ерекше ықыласпен тыңдайтын әндерді орындауға тырысамын. Рас, менің ең сүйікті жанрым ? опера. Бірақ, репертуарымда оперетта және танымал әндермен қатар, кезінде өзімнің ата-анам сүйіп орындаған опереттаның испандық нұсқасы, яғни сарсуэланы орындаймын. Бұл концерттің мен үшін орны бөлек. Қазақстан астанасының мерекесіне орай, қазақ тілінде менің даусыма сай келетін әндерді іздестіріп жатырмын. Шынымды айтсам, қалай болар екен деп толқып та жүрмін. Дегенмен, сіздердің елдің көрермендерімен тезірек қауышуды асыға күтудемін. Бұл елде бірнеше этникалық ұлттың өкілдері тұрады деп естідім. Соған орай, неміс және орыс тіліндегі әндерімді де жұптап отырмын, - деді. Қазақтың жеріне табаны тұңғыш рет тигелі отырған әнші біздің ел туралы көп естіпті. - Мен Қазақстанның саяси-экономикалық бағыты туралы танысып, білдім. Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан Қазақстанның алып дала төсіндегі астанасын көріп келгендердің әңгімесінен-ақ жер бетіндегі ең жас астананы көруге өзім де қатты құштар болдым. Әлі де көп нәрсені біле түссем деп отырмын. Әнші Алматы апортының даңқы туралы да құлағы шалыпты: - Әлемдегі ең дәмді, ең нәрлі алма Қазақстанда өседі дейді, рас па? - Әрине! Алматының апортын жеген де арманда, жемеген де арманда! Сондықтан, сәті түссе, ауыз тигеніңіз жөн. Өйткені апорттың дүние жүзіне жайылған даңқы сіздің әншілік даңқыңыздан кем емес.- Солай ма?! Олай болса, тәтті алмаға елтіп, пейіштегі Хауа сынды қыз-келіншектердің сиқырына арбалып қалмау керек екен...Апортқа құштар испандық әйгілі әнші айшылық алыстан әнінен бұрын сәлемін жолдап: «Сәлем, Астана!» деп ықыласын білдіріп жатыр.