Платини ФИФА президенттігі сайлауына қатыспайтынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - УЕФА президенті Мишель Платини 2015 жылдың мамырында өтетін ФИФА президенттігі сайлауына өзінің кандидатурасын ұсынбайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ВВС-ге сілтемемен egemen.kz хабарлады.
None
None

Бұған, сірә, Халықаралық футбол федерациясын 16 жыл бойы үзіліссіз басқарып келе жатқан Зепп Блаттердің бесінші мерзімге бәйгеге түсуге ниетті екенін бұдан бұрын баяндап үлгергені себеп болған шығар.

59 жастағы Мишель Платини - ХХ ғасырдың ең үздік футболшыларының бірі. Тегі итальян ол Франция құрамасы сапында ойнады. Қазір УЕФА-ға басшылық етіп келе жатқан футбол функционері таяуда Монте-Карлода өткен Еуропа футбол қауымдастығы одағының 54-ші кездесуінде бар назары мен күш-жігерін осы лауазымына жұмсай беретінін айтты.

Би-би-си тілшісі Ричард Конвейдің хабарлауынша, Платинидің жиындағы бұл мәлімдемесін жиналғандар қол шапалақтап қарсы алған.

Ал маусым айында ғана француз футбол маманы ФИФА-ға «таза ауа лебі» керек болғандықтан, оның кандидатурасын қолдамайтынын ашып айтқан еді.

Ендігі басты сұрақ ФИФА президенттігіне үміткерлер қатарына УЕФА өз адамын ұсына ма, жоқ па, осыған тіреліп тұрған сияқты. Мұның мәні мынада, қазір кәрі құрлықтағы елдер футбол одақтарының көпшілігі Блаттерді қолдай қоймайды. Олардың біразы Бразилияда өтетін әлем чемпионатының алдында-ақ одан отставкаға кетуді талап еткен еді.

78 жастағы Зепп Блаттер соңғы жылдары көптеген жемқорлық жанжалдарға ұшырап қалып жүр. Солардың соңғысы Катарға 2022 жылы әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігін беруіне байланысты туындады.

Соңғы жаңалықтар