«Плюс-Золото» акционерлеріне әлі айып тағылып отырған жоқ
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Гүлнара Жандағұлова/ - Қазақстанның қаржы полициясы «Плюс-Золото» директорлар кеңесінің мүшелері, KazakhGold акционерлеріне әлі айып тағып отырған жоқ, бақылау пакеттерін алып алу фактісіне қатысты қозғалған қылмыстық іс әлі тексеріліп жатыр, деп хабарлады брифингіде ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұмабай.
«Бұл қылмыстық іс қазір тексеріліп жатыр. Алдағы уақытта Агенттік арнайы баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отыр», - деп толықтырды ол.
Қаражат ұрлағаны үшін және қазақстандық активтің бақылау пакеттерін сатып алу жөнінде жасалған келісім алдында келісімшарттың бірқатар шарттарын бұзғандығы үшін кінәланып отырған бұрынғы KazakhGold Group иелері Асаубаевтардың отбасына қатысты «Плюс-Золото» талабы бойынша қозғалған іс қазір Лондонның Жоғарғы сотында тыңдалып жатыр.