«Поддубныйды биiктетiп, Қажымұқанды аласартып» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 тамыз, сәрсенбi күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Поддубныйды биiктетiп, Қажымұқанды аласартып» - баспасөзге шолу

« Егемен Қазақстанда » газетiнде « Тегімізді түзетуге кедергі жоқ » атты мақала жарияланды. Қазақтың тегі қалай жазылуы керек? Шынын айтқанда, осы мәселемен басын ауыртып жүргендер аз. Қаншама айтылып, жазылғанымен, ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын осы бір мәселеге қандастарымыз жете назар аудармай-ақ келеді.

Газеттiң жазуынша, негiзiнен тегiн ұлттық негiзде жаздыратындар 16 жасар жасөспiрiмдер көрiнедi. Ал үлкен кiсiлер «тегiмдi ауыстырсам, кейiн барлық құжаттарды ауыстыру керек, тiптi зейнетақы жинағымды жоғалтып аламын» деп үрейленедi екен.

«Құжатын өзгерткен азаматтар­дың: «Тегімді өзгертемін деп жүріп, жинақ­тағы қаржымды жоғалтып алмаймын ба?» деп үрейленуі дұрыс емес. Аты-жөнін, тегін өзгерткенімен, олардың жинағы ешқайда кетпейді. Әр адамның зейнетақы жинағы өз шотында сақталады. Бұрын әрбір азаматтың әлеуметтік коды (СИК) деген болды, қазір оны ИИН-мен ауыстырды. Осы ИИН арқылы адам тегін қалай өзгертсе де, табылады», - делiнген мақалада. Қысқасы, төлқұжатын ұлттық дәстүрге сәйкес жаңалаймын деушілерге кедергі жоқ.

Бірер жылдан кейін мұражай мен кітапханаларда маман қалмауы мүмкін, қазба байлығымызды зерттеушілерге зар болып қалуымыз да кәдік, деп жазады « Айқын » басылымы.

«Беті аулақ, егер осындай оқыс оқиға болса, мал дәрігерлерін шетелден шақырып жатсақ, таңғалмаңыз. Себебі біздің балаларымыз мал дәрігері болуға құлықты емес. Мұражай мен кітапханада да жұмыс істеуге зауқы жоқ. Бүгінгі түлектер де бұрынғы түлектер секілді экономист пен заңгер болғысы келеді. Сондықтан осы мамандықтарға сұраныс толастар емес. Бiлiм және ғылым министрлiгi Бiлiм гранттарын тағайындау жөнiндегi респуб­ликалық конкурстық комиссиясы жұ­мысының басталуына орай өткен оты­рыстан соң осындай ойға қалдық. Өйткені биыл «Мұражай ісі», «Ескерткіштерді қорғау», «Пайдалы қазбаларды барлау», «Кітапхана ісі», «Ветеринария», «Шетел филологиясы», «Француз тілі», «Мәде­ниеттану», «Ағаш жону технологиялары», «Физика», «Астрономия», «Геология» мамандықтарына сұраныс қатты төмендегені сондай, бір грантқа бір адамнан кем конкурс байқалып отыр. Қысқасы, Қаныш Сәтбаевтай геолог болғымыз келмейді", - делiнген «Сәтпаев болуға неге қызықпаймыз?» атты мақалада.

«Айқын» газетi бүгiн « Поддубныйды биiктетiп, Қажымұқанды аласартып» атты мақаланы жариялап отыр.

Ресейліктер жуырда Поддубный туралы фильм түсіргенi белгiлi. Экранға шық­қанына көп болған жоқ. Иван Под­дубныйдың атын асқақтату арқылы ресей­ліктер тағы бір патриоттық фильмнің тұсауын кесті. «Өкініштісі сол, Иван Под­дуб­ныйдың беделін кө­теру арқылы Қажы­мұқанды аласар­тып жіберді», - дейдi басылым.

Мақалада атап көрсетiлгенiндей, ресейлiктер сол арқылы ұлт­тың бойына ұлттық рух пен айрықша отансүйгіштік дәнін себуді мақсат тұтып отыр.

«Рас, Иван Поддубный фильмі - орыс халқының патриотизмі мен орыс рухын тағы бір көтеріп тастады. Ресейліктердің пат­риоттық фильмдерге көңіл бөле бас­та­ғаны бұл бір емес. Бұған дейін де олар «Ад­миралды», «Высоцкийді», «Есе­нин» мен «Харламовты», «Достоевскийді» тү­сір­ген. Бұл фильмдердің әрқайсысы ұлт­тың кеудесінде ерекше рухты оятты. Ұлт мақтаныштарын сүюге үйретті. Біз ше?» - деп сауал тастайды мақала авторы.

Қазақ жiгiтi - Аян Жұмашев Шешен республикасының президентi Рамзан Қадыровтың кеңесшiсi болып тағайындалды, деп хабарлайды «Экспресс К» газетi.

«Қазақстандық Аян Жұмашев бұл өмiрде оған сәттiлiк жолдас болды деп санайды, әлеуметтiк желiлерде Рамзан Қадыровпен танысқан ол, кейiн Шешен республикасы басшысының кеңесшiсi болып кеткен. Бүгiнде бiздiң жерлесiмiз Грозныйда тұрады, өз идеяларын белсендi түрде өмiрге енгiзiп жатыр және президенттiк командада сәттi жұмыс жасауда», - делiнген материалда.

Аян Жұмашев өзiнiң тұрғылықты жерiн бiр жарым жыл бұрын ауыстырған. Бiздiң отандасымыз Шешен республикасында тәп-тәуiр қызмет атқарып жүргенi тек жақында ғана белгiлi болды. Рамзан Қадыров қазақстандық туралы өзiнiң әлеуметтiк желiдегi кезектi әңгiмесiнде тiс жарып қалды.

«Мен Аян Жұмашевтi шын ниетпен туған күнiмен құттықтаймын», - дедi Қадыров жарты жыл бұрын. - Ол менiң шақыртуыммен Қазақстаннан келдi. Ол мұнда тез орнықты, барлығымен тiл табысып, республикадағы көптеген жастармен дос болып кеттi. Мен оны Шешен республикасы басшысының кеңесшiсi етiп тағайындадым. Аянның балалар мен жастар саясатында көптеген и д еялары бар. Бұл идеяларды ол ұсынып қана қоймай, жүзеге де асырып келе жатқаны маңызды».

Толығырақ «Казахстанец стал советником Рамзана Кадырова» атты мақаладан оқи аласыздар.