Польша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның тәжірибесін пайдаланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польша Президенті Анджей Дуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның рөлін атап, 2018-2019 жылдары аталған Кеңестің тұрақты емес мүшелігіне поляк кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне поляк кандидатурасын қолдағаны үшін Президент мырзаға алғысымды білдірдім. Біз 190 дауыс жинап, тамаша нәтижемен сайландық. Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып саналады. Алдағы жылда біз бірге боламыз. Өз тарабымыздан ынтымақтастыққа дайын екендігімізді мәлімдейміз. Біз Қазақстаның тәжірибесін қолданатын боламыз», - деді Польша Президенті Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме жасау барысында.
Оның пайымынша, қазіргі уақытта Қазақстан Сириядағы әскери жанжалды тоқтатуға бағытталған (Астана процесі) маңызды миссияны жүзеге асыру үстінде.
«Демек, Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстанның рөлі шын мәнінде маңызды және аталған құрылым аясындағы жұмыстардың ерекшелігі туралы ақпараттарға ризашылық білдіреміз», - деді Дуда.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Польшаның ҚР мен ЕО серіктестігі мен ынтымақтастығын кеңейту туралы келісімді ратификациялағаны үшін алғысын білдірді.
«Келіссөздердің жекелеген блогы өңірлік және халықаралық саясаттағы өзекті мәселелерге арналды. Бұл бағытта біздің елдерімізге қатысы бар жайттар өте көп», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.