Польша - Еуроодақтағы тұрмыстық техника шығаратын ең ірі өндіруші ел

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғасырлар бойы талас-тартыстан, ірілі-ұсақты соғыстар мен кикілжің-қақтығыстардан көз ашпаған кәрі құрылық - Еуропа жиырма бірінші жүзжылдықтың табалдырығын жұдырықтай жұмылып, біртұтас қуатты құрылым болып аттады. Әлемнің қазіргі саяси болмысын айқындап отырған мемлекеттер бірлестігінің өз парламенті мен валютасы бар, ауыл шаруашылығы, көлік, көші-қон, экология және басқа салаларда ортақ саясат жүргізеді.
None
None

Еуропалық Одақ елдері мен Қазақстан ара­сын­дағы экономикалық байланыстар жыл сайын дамып, жаңа сапалық сатыға көтеріліп келеді. Бұл орайда кезінде социалистік шаруашылық жүйесіне енген, іркілістер мен ізденістер кезеңінен өтіп, бүгінде өркениеттік даму көшіне ілескен Шығыс Еуропа мемлекеттерімен арадағы қарым-қатынастың орны бөлек. Зымыран заман талабына сәйкес бұл өлкелермен сауда-саттық жасап қана қоймай, озық технологияларды да ала білуіміз керек. Нарық сұранысына сай қимылдап, экономикасын біліктілікпен әртараптандыра білген Поляк Республикасы осындай елдердің бірі. Польша - Еуропалық одақтың ірілігі жөнінен алтыншы мемлекеті. Одаққа 2004 жылғы 1 мамырда кірген ол сондай-ақ 1999 жылғы 12 наурыздан НАТО-ның мүшесі болып табылады. 2007 жылғы 21 желтоқсанда Шенген аймағына енді.

Әлемдік қаржы дағдарысының салқыны Еуроодақтағы көршілес елдермен салыстырғанда Польшаны азырақ шарпыды деуге болады. Дағда­рыс күшіне енген 1999 жылдың алғашқы он айы Польшаның белін қайыстырып-ақ кетті. ІЖӨ өсу қарқыны күрт кеміп, бірінші тоқсанда 0,7%, екін­ші тоқсанда 1,1 %, үшінші тоқсанда 1,8% болды. Ал, сол жылдың төртінші тоқсанында поляк экономикасының күретамырына кайтадан қан жүгіріп, 3,3% өсу көрсеткішін әйгіледі. Дағдарыс қақпанынан бұлайша тез босанудың құпиясы отбасылық микрокәсіпорындарға негізделетін поляк экономикасының құрылымында жатыр еді. Польшада 1,8 млн. шаруашылық жүргізуші нысан бар, оның 90%-ы шағын және орта бизнес нысандары болып табылады. Бұл кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің орташа саны 250 адам. Ал, осылардың оннан тоғызы - жұмысшыларының саны тоғыз кісіден аспайтын микрокәсіпорындар. Өз кезегінде микрокәсіпорындар отбасылық бизнес негізі болып табылады. Міне, нарықтың нақ осындай нысандары өзінің әбжілдігіне, ұтқырлығы мен шапшаңдығына орай аумалы-төкпелі ахуалға оңай бейімделеді. Сөйтіп, дағдарыс кезінде Польша өз көршілеріне қарағанда азырақ зардап шегіп, жедел оңала білді. Білікті басшылықпен қатар, бұған септігін тигізген поляк экономикасының оңтайлы құрылымынан Қазақстан кәсіпкерлерінің үйренері аз болмаса керек. Поляк экономикасының жетістіктері уақыт өткен сайын бедерлене көрінуде. Бұл ел қазіргі таңда Еуроодақтағы тұрмыстық техника шыға­ра­тын ең ірі өндірушіге айналды. Онша қолайлы болмаған 2009 жылдың өзінде Польша Еуроодақта сатылған тұрмыстық техника көлемі бойынша танымал көшбасшы - Италияны басып озды. Одақта өткізілетін жайпақ экранды теледидарлардың 80%-ы Польшада өндіріледі. Бүгінде Польша авто­мобильдердің қосалқы бөлшектерін өндіруші­лерді нарық алаңынан ығыстыра бастады. Польшаның шаруашылық жағдайына, даму барысына Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Бүкіл­әлемдік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық экономикалық ұйым­дар мен қаржы институттары жүйелі түрде талдау жасап, бағалап отырады. Осы орайда азуын айға білеген бұл ұйымдар берген жағымды баға дуалы ауыз сарапшылар тарапынан да қолдау тауып, олар сарабдал да сақ экономикалық саясаты арқасында Польшаның түптің түбінде Орталық және Шығыс Еуропаның көшбастар еліне айналатынын атап өтуде. Білім беру және ғылыми зерттеулер саласын­дағы екі елдің тиімді қарым-қатынастарын дамы­туға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­теті мен Польшаның бірқатар белді жоға­ры оқу орындары белсене атсалысуда. Әйгілі поляк экономисі, «шошытып емдеу» әдісінің авторы Лешек Бальцеровичтің 1990-шы жылдар басында Елбасымыздың экономикалық кеңесшісі болғанын, ал бүгінде Поляк-Қазақ өнер­кәсіп-сауда палатасының президенті Петр Гузовскидің республикалық «Экономика» газеті ақылдастар алқасының шетелдік мүшесі ретінде ақпараттық байланыстарымызды өркендетуге үл­кен үлес қосып отырғанын атап өту абзал.

Соңғы жаңалықтар