Польша Каспийдегі қазақстандық портты пайдалана алады - Нұрсұлтан Назарбаев

ВАРШАВА. ҚазАқпарат - Польша Каспийдегі қазақстандық портты пайдалана алады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Президенті Анджей Дудамен екіжақты келіссөз қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеде мәлім етті.

Польша Каспийдегі қазақстандық  портты пайдалана алады - Нұрсұлтан Назарбаев

«Қазақстан біз айтқан польшалық теңіз порттары және терминалдарын пайдалануға дайын. Сондай-ақ, Польшаның да Каспий теңізіндегі қазақстандық порттарды пайдалануына мүмкіндігі бар»,-деп атап өтті Елбасы.

«Бүгін мен Президент мырзаға ынтымақтастықтың және экспорттың мүмкіндігі жайлы айттым.   Біздің Гданьскідегі порт Қазақстан мұнайын қабылдауға дайын»,-деді өз кезегінде Анджей Дуда.  

Мемлекет басшысы сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында ықпалдастықтың мүмкіндіктеріне тоқталды. «Бізде ауыл шаруашылығын дамытудың үлкен әлеуеті бар. Польша - ауылшаруашылық өнімдерін сапалы өңдеумен шұғылданатын елдердің бірі. Бұл бізге қажет. Қазақстанда  220 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның 25 миллионы егін егуге пайдаланылады. Бұл өнімдердің барлығын өңдеу қажет»,-деп түсіндірді Президент.

«Қорыта айтқанда»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев, «Қазақстанда және Польшада әр салада ынтымақтастықты жолға қоюға әлеует жетерлік».

Елбасының айтуынша, ертең Президент Польша Премьер-Министрі Беате Шыдломен де екіжақты қарым-қатынастың нақты мәселелерін талқылайды.

«Менің Польшаға сапарым біздің  елдеріміз үшін табысты болатындығына сенемін»,-деп сөзін қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.