Польша Қазақстан арқылы өтетін көлік дәлізін белсенді пайдалануға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Польшаның Қазақстандағы елшісі Селим Хазбиевичпен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Польша Қазақстан арқылы өтетін көлік дәлізін белсенді пайдалануға ниетті

Кездесу барысында тараптар инвестиция, көлік және логистика, азаматтық авиация, инновация және технология салаларындағы ынтымақтастықты арттыру туралы сөз етті.

«Біз Польшаны Еуропадағы ең маңызды саяси және экономикалық серіктес ел ретінде санаймыз. Бүгінде екі ел арасындағы қатынас жан-жақты дамып, жаңа белеске көтерілді. Бүгінгі кездесу - екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтудың, өзара мүдделі салаларда ынтымақтастықты арттырудың тағы бір куәсі», - деді министр Жеңіс Қасымбек.

Польша елшісі Селим Хазбиевич екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестиция, транзиттік жүк тасымалы сияқты бағыттардағы байланысты нығайтып, Қазақстан арқылы өтетін еуразиялық көлік дәлізін белсенді пайдалануға ниетті екенін айтты.

2017 жылы Польшадан Қытайға Қазақстан арқылы 46,1 мың контейнер (жиырма футтық эквиваленттегі) өткен (490 контейнерлік пойыз), бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп (268 контейнерлік пойыз).

2018 жылдың қаңтар айында ҚХР-Польша-ҚХР бағытымен 4563 контейнер (ЖФЭ) өткен (55 контейнерлік пойыз), бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 33,9%-ға артық (3406 контейнер - ЖФЭ).

Екі ел арасындағы қатынастың артуына «LOT Polish Airlines» поляк әуекомпаниясы жүргізетін «Варшава-Астана-Варшава» тікелей рейсі көп септігін тигізді (2017 жылдың 30 мамырынан бастап аптасына 4 рейс).

2017 жылы Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрады (нақтырақ 902,1 млн АҚШ доллары) және бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 15,2%-ға өсті (783,2 млн. АҚШ доллары).

Қазақстаннан Польшаға жөнелтілген экспорт көлемі 575,2 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға артық (528,7 млн АҚШ доллары).

Фото: eurasia.expert