Польша Қазақстан жастарына берілетін білім гранттары санын арттырмақ
«Екі елдің арасында мәдениет және білім беру салаларына ерекше екпін қойылуда. Бүгінде Қазақстаннан Польша жоғары оқу орындарында 800-ге жуық студент білім алып жатыр. Жалпы, польшалық оқу орындарының беретін біліміне сұраныс бар, яғни онда еуропалық сапа бар және оқу бағасы да қолжетімді», - деді М. Баймұхан.
Осы орайда ол екі ай бұрын Қазақстан ЖОО-лары ректорларының Польшаға сапары ұйымдастырылғанын еске салды.
«Бұл сапар аясында Польша ректорлары конференциясымен келісімге қол қойдық. Бүгінде бізде жоғары оқу орындары арасында 100-ге тарта келісімдер бар. Оған қоса, Қазақстан студенттері үшін поляк тарапы гранттар санын арттыру үшін келіссөздерді жалғастырамыз. Бұл тұрғыда гранттар санын біздің студенттерге 50-ге дейін арттыруды ұсындық, оның ішінде ағылшын тілінде оқыту тәртібін де ескердік. Бүгінде келісімде тек 11 ғана грант бар», - деді Елші.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Польша қазақстандықтарға бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша гранттар ұсынады.