Польша Қазақстанмен алыс-берісті үш есеге арттыруды көздейді

АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға жасаған өткен жылғы сапарынан кейін екі елдің алыс-берісі бұрынғы деңгейге көтерілді. Бұл туралы Польша басшысы Анджей Дуда айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Польша Қазақстанмен алыс-берісті үш есеге арттыруды көздейді

"2014 жылы Қазақстан мен Польшаның тауар айналымы 2 млрд доллардан асқан еді. Кейін аталған көрсеткіш күрт төмендеп кетті. Оған жаһандағы саяси мәселелер себеп болды. Былайша айтқанда, біз соның құрбанына айналдық. Дегенмен, бірлескен жұмыстың арқасында біз бұрынғы деңгейімізге шығып келеміз. Ағымдағы жылдың алты айы бойынша Польшадан Қазақстанға кеткен экспорт 50 пайызға артса, Қазақстаннан Польшаға келетін тауарлардың көлемі 80 пайызға өсті. Сондықтан үлкен прогресс бар деуге әбден болады", - деді Дуда Астанадағы бизнес-форумда.

Польша Президенті алдағы алты жылда екіжақты тауар айналымын 6 млрд долларға жеткізуге болады деп санайды. Осы орайда ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан қолғабыс жасауды сұрады. Себебі саяси шешімдер тауар айналымын айтарлықтай көтере алады.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан мен Польша Президенттері Астанада өткен бизнес-форумға қатысты. Сол жерде Елбасы фармацевтикалық саланы дамыту мәселесіне баса назар аударды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қытай бастамасына не үшін қосылғанын айтты. Ал Польша басшысы Анджей Дуда 2022 жылғы ЭКСПО үшін таласта Қазақстаннан қолдау білдіруді сұрады.