Польша Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайды - Збигнев Рау

Поляк дипломаты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтамақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы ретінде Орталық Азия елдеріне сапары аясында екі күндік ресми сапармен Қазақстанға келді.
«Қазақстанға сапар аясында маңызды келіссөздер өтті. ЕҚЫҰ мүше елдер арасында сенім мен ынтымақтастықты нығайту үшін ең өзекті платформа болып қалып отыр. Біз қауіпсіздіктің кешенді аспектісі бойынша ынтымақтастық орнаттық. Жалпы, түрлі салада қазақ әріптестермен байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы мүшелігінің 30 жылдығын атап өттік. Осы орайда Қазақстан осы ұйымның дамуына елеулі үлес қосты және ЕҚЫҰ-ның маңызды мүшесі болып қала береді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы мен ұйымның (Нұр-Сұлтан қаласындағы) саммиті осыған дәлел», - деді Збигнев Рау.
Осы орайда ол Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде қауіпсіздік мәселелеріне мән берілгенін, Орталық Азия өңіріне қатысты маңызды мәселелер талқыланғанын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар адам құқықтарын қорғау саласындағы оң қадамдарды байқатып отыр. Бұл тұрғыда 5 маусым күні өтетін референдумның маңызы зор. Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және өзара байланыстарды дамытуға қолдау жасайтын боламыз», - деді З. Рау.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада Польша делегациясымен кездесуден кейін ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Польша Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесінің бірі екенін атап өтті.