Польшада 6 қазақстандық боксшы қыз жартылай финалға шықты

ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, аталған доданың үшінші күні шаршы алаңға шыққан бес боксшы қызымыздың барлығы қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.
Айталық, Әйгерім Қасенаева (49 келі) ширек финалда канадалық Энн Маркотты тізе бүктірсе, Жайна Шекербекова (51 келі) ¼ кезеңінде франциялық Дельфин Мансиниді 5:0 есебімен ұтты.
Ал, Карина Ибрагимова (60 келі) Швеция Корольдігінің өкілі Агнес Алексюссонды жеңіп, жартылай финалға жолдама алса, Влада Кухта (57 келі) канадалық Сабрина Аубиннің (Канада) шаршы алаңға шықпауына байланысты келесі кезеңге өтті. Соңғы болып рингке көтерілген Ләззат Күнгейбаева (81+ келі) Патриция Брауннан (Польша) басым түсті. Төреші бірінші раундта-ақ кездесуді тоқтатып, жеңісті жерлесімізге берді. Сонымен қатар, 12 қыркүйек күні тағы бір отандасымыз Милана Сафронова да (64 келі) ширек финалдағы қарсыласын ұтып, жартылай финалға өткен болатын.
Осымен 13-ші рет өтіп отырған халықаралық турнирге Қазақстан Республикасын қосқанда 21 елдің өкілдері қатысып жатыр. Жарыс 15 қыркүйек күні мәресіне жетеді.