Польшада іздестірушілер 56 қазақстандық майдангердің зиратын тапты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың әскери-тарихи мұражайына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшада қаза тапқан және сонда жерленген 50-ден астам қазақстандық жауынгерлердің тізімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс минстрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Польшада іздестірушілер 56 қазақстандық майдангердің зиратын тапты

Жарты жыл ішінде поляк мекемелері жерлеу орындарын іздеу және қазу жұмыстарын жүргізген. Майданға Қазақ ССР-нан шақырылған Қызыл армия жауынгерлерінің 56 зираты табылды. Олардың аты-жөндерін, қандай шайқаста қаза тапқанын анықтау үшін ауқымды жұмыс істелді.

Қазақстандағы Польша Республикасының Елшілігі жанындағы әскери атташе Петр Вуйтович қызыл әскерилердің тізімін салтанатты түрде әскери-тарихи мұражайдың басшысына тапсырды.

«Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңындағы бұл іс-шараның маңыздылығын айта өту керек. Тізімдегі әрбір жауынгер біреудің із-түссіз кеткен туысы болуы керек. Атасын іздеп жүрген ұрпақтары да бар шығар. Олар үшін Отанды ерлікпен қорғаған жауынгерлердің қайда жерленгенін білуі өте маңызды», - деп атап өтті музей бастығы Нұртаза Әсілов.

Тізімді алғаннан кейін мұражай жауынгерлердің туыстарын іздейді.