Польшадағы Әлем чемпионатында азиялық ауыр атлеттер көш бастауда

АЛМАТЫ. 23 қазан. ҚазАқпарат - Ауыр атлетикадан Польшаның Врочлау қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында азиялықтар алда келеді. Атап айтқанда 3 алтын, 1 күміспен Қытай бірінші, 1 алтын, 2 күміспен Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы екінші, 1 алтынмен Тайвань үшінші орында келе жатыр. Бір-бір күміс бар Әзірбайжан мен Эквадор төртініш орынды, ал бір-бір қоласы бар Вьетнам, Колумбия, Мексика, Ресей жәнен Тайланд құрамалары 6-орынды өзара бөлісуде.

Польшадағы Әлем чемпионатында азиялық ауыр атлеттер көш бастауда

Атап айтқанда, ерлер арасында корейлік Ом Юн Чхоль (56 кг) мен қытайлық Ли Юн Чен (62 кг), әйелдер арасында қытайлық Тянь Юань (48 кг) мен Ли Яцзюнь (53 кг), тайваньдық Куо Син Чунь (58 кг) өз елінің әнұранын шырқатты.

Бүгін енді әйелдер арасында 63 келідегі, ерлер арасында 69 келідегі жеңімпаздар анықталады. Бұл сайыста ел намысын Сәуле Сәдуақасова (63 кг) мен Альберт Линдер (69 кг) қорғайды. Ал ертең бұл мәртебеге Жазира Жаппарқұл, Гүлназ Наурызова, Анастасия Халикова (69 кг), сенбіде Алмас Өтешов пен Владимир Седов (94 кг), Мария Грабовецкая (+ 75 кг), жексенбіде Сергей Истомин, Ескендір Момынбеков (105 кг), Зелимхан Абубакаров (+105 кг) ие болмақ.