Польшадағы көл балықтардың көмегімен тазартылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польша ғалымдары жергілікті Гочалковице көлін тазартудың тың әдісін ойлап тапты.
Соңғы жылдары мұндағы тұнық лайланып, су ластана бастаған, хабарлайды 24.kz.
Ғалымдардың айтуынша, келеңсіздікке көлдегі сазан балықтар себепкер. Олар судағы өсімдіктерді тамырынан қиып, батпағын көтерген. Зиянкестерді жою үшін суға жаңадан 800 мыңға жуық жыртқыш балық түрлері жіберілді. Олар негізінен сазанмен қоректенеді.
Айта кетейік, бұл көл Жоғарғы Силезия аймағындағы тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, балығымен де асырап келеді. Енді онда 800 мың балықтың жіберілуі бұл кәсіптің де алға басуына әсер етеді.