Польшалық кəсіпкерлер Ақмола облысынан іскер əріптестер іздеп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Польша Республикасының кəсіпкерлері Ақмола облысынан іскер əріптестер іздеуде. Бұл туралы облыс əкімінің орынбасары Асхат Қайнарбековтің Польшаның Нижнесилезский воеводствасының маршалы  Цезари Пшыбыльски бастап келген делегациямен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Польшалық кəсіпкерлер Ақмола облысынан іскер əріптестер іздеп жатыр

Кездесуде екіжақты ынтымақтастық жəне сауда-экономикалық байланысты нығайту мəселесі сөз болды. Өз кезегінде шетелдіктер ақмолалықтарды ағымдағы жылдың желтоқсан айында өтетін бизнес-форумға қатысуға шақырды.

Делегация құрамында «Feerum» (кешенді астық элеваторларын өндіруші), «COHM» (қонақ үй жəне мейрамхана, фармацевтикалық жəне косметикалық сала бизнесі),  «Sonda Sports Ltd.» (спорттық сала), «KOSMED» (фармацевтикалық, косметикалық, көтерме жəне бөлшек сауда), «MADONIS» (ас, косметикалық жəне тазалағыш құралдары) тәрізді ірі компаниялардың басшылары болды.

Нижнесилезский воеводствасының өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Барбара Кащниковска делегация Ақмола облысына бизнес бойынша əріптес іздеп келгенін атап өтті.

Еске сала кетейік, Ақмола облысы мен Польша Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыс 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 5282 мың АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 есе артып отыр. Оның ішінде экспорт үлесі 2595,8 мың АҚШ доллары, импорт үлесі 2686,2 мың АҚШ долларын құрады.