Польшаның әйгілі ансамблі Көкшетауға келді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында «Поющая Полония» 8-ші ән фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Ақмола облысы поляктарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен ән байқауына өңірдегі поляк диаспорасы қатысып, өз ана тілдерінде ән салды.

Польшаның әйгілі ансамблі Көкшетауға келді

«Поющая Полония» достықтың алтын көпірін жалғайтын, ұлттар арасындағы келісім мен бірлікті нығайта түсетін, мән-мағынасы тереңде жатқан фестиваль», - дейді Ақмола облыстық поляктар бірлестігінің «Поляне» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Людмила Суховецкая.

Шараға Польшадағы балалардың көне ұжымының бірі «Дети Плоцка» харцерлік (скауттық) ән және би ансамблі арнайы келіп қатысты. Аталмыш ансамбль 72 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.



«Дети Плоцка» ансамблінің директоры Мильке Тадеуштің айтуынша, бірліктің туын биік ұстанған Қазақстанның салиқалы саясаты мақтауға тұрарлық. Көкшетауда қоныстанған поляктардың өз дәстүрі мен мәдениетін дамытуға зор мүмкіндіктері бар. Польша мемлекетінің Плоцк қаласынан келген өнер ұжымының құрамы 20 жасқа дейінгі жас дарындардан тұрады. Өнер көрсеткен бишілердің концерттік костюмі, би қимылдарының күрделілігі мен сахнадағы мәдениеті көкшетаулықтарды тәнті етті. Өнерпаздардың әндерін жиналған қауым зор ықыласпен қабылдап, ерекше қошеметке бөледі.

Қонақтарға Ақмола облыстық филармонияның жезтаңдай әншісі Бисара Мәкенова домбырамен ән айтып берді.