Полицей елордалықтың жұмысқа орналасуына көмектесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 7-13 ақпан күндері елорда аумағында «Профилактикалық бақылау» жедел-алдын алу шарасы өтеді. Бұл шараның мақсаты – ішкі істер органдары есебінде тұрғандардың, оның ішінде соттылығы бар адамдар тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полицей елордалықтың жұмысқа орналасуына көмектесті

Аталған жұмыс аясында учаскелік инспекторлар есепте тұрған адамдардың және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жері бойынша және олардың белгіленген шектеулерді сақтауы бойынша тексеру жүргізеді. Есепке алынған тұлғалар тарапынан шектеулер бұзылса, тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБК 127, 480 және 669-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары туралы түсіндіреді.

Тәртіп сақшылары есепке алынған контингентті тексеру бойынша үнемі іс-шаралар жүргізеді, абақты орындарынан босатылған, көрсетілген тұрғылықты жеріне келмеген адамдардың орналасқан жерін анықтайды.

«Мәселен, «Байқоңыр« ауданындағы полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Н.Дарбаев «шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған» адам ретінде профилактикалық есепте тұрған 29 жастағы ер адамды жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетті. Полиция қызметкерінің ұсынысы мен жағымды сипаттамасы бойынша Чехоев көшесіндегі наубайханадан баспана мен жұмыс тапты. Жедел алдын алу шарасы басталғалы 1700-ге жуық есепке алынған тұлғалар қамтылды, есепте тұрған тұлғалар тарапынан 134 бұзушылық анықталды, оның ішінде 39-ы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар; 9-ы сот арқылы мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіленгендер; 12-сі қорғау нұсқамасы шығарылған адамдар және 15-і әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылғандар. Сотқа мерзімінен бұрын шартты түрде босату күшін жою, әкімшілік қадағалау орнату және мәжбүрлеп емдеуге жіберу мәселелері бойынша 31 материал жіберілді. Оның ішінде 12 өтініш қанағаттандырылды», - деп жазылған қалалық ПД хабарламасында.