Полицейге итін айтақтаған өскемендік 1 жылға сотталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен тұрғыны отбасылық жанжал кезінде итін полицейге айтақтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаметінен мәлім еткендей, Өскемендегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс шыққан. Дау барысында ашуға булыққан күйеуі әйеліне жұдырық сілтеген. Қорыққан әйел «102» нөміріне қоңырау шалған.
«Оқиға орнына екі учаскелік инспектор бірден аттанды. Олар екеуін бір-бірінен ажыратпақ болғанда ер адам полиция қызметкеріне итін айтақтаған» - деп хабарлады полициядан.
Пульбультерьер тәртіп сақшысының аяғын тістеп, одан соң білегін қапқан. Сол мезетте қашып құтылмақ болған иттің иесін екінші тәртіп сақшысы қолға түсірді. Итті зардап шегуші әйел тыныштандырған.
Сот Өскемен қаласының тұрғынын кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейді. Сонымен қатар полиция қызметкеріне 150 мың теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы