Полицейге қол жұмсаған астаналық тұрғынның бостандығы шектелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ішімдікке сылқия тойған ер адам жедел жәрдем мен полиция шақырып, соңында тәртіп сақшысына қол жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылдың 2 желтоқсанында елордалық тұрғын өз үйінде арақ ішкеннен кейін, өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырған.
«Жедел жәрдем дәрігерлері келгеннен кейін, ол өзін дөрекі ұстап, медициналық мекемеге барудан бас тартқан және 102 нөміріне қоңырау шалып, полиция қызметкерін шақырған», - делінген таратылған ақпаратта.
Шақырту бойынша оқиға орнына жеткен шолғыншы полиция қызметі мән-жайды анықтау үшін аталған азаматтан жеке куәлігін сұраған. Ал ол билік өкілінің заңды талабын орындамай, тіпті көпшілік алдында тіл тигізген.
«Осыдан кейін ол полиция қызметкерінің бейне тіркеуішін жұлып алып, еденге тастаған және қарсылық көрсетіп, құқық қорғаушылардың бірінің бетінен бірнеше рет ұрған», - деп нақтылады Астана қалалық сотынан.
Сонымен Астана қаласы Алматы аудандық № 2 сотының үкімімен елордалық тұрғын кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленді.