Полицейге пара ұсынған жүргізушінің басы бәлеге қалды

Ведомствоның дерегі бойынша, оқиға 30 қаңтарда «Рубеж-Бурабай» бекетінде орын алған. Жол қозғалысын бақылап жүрген жол патруль полиция батальонының қызметкерлері Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны тізгіндеген «Mercedes Benz-200» көлігін тоқтатқан. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде полицейлер ҚР міндетті сақтандыру жөніндегі заңнамасына қатысты заңбұзушылықты анықтаған.
Жауапкершілікке тартылмау үшін жүргізуші полиция қызметкеріне 2000 теңге пара ұсынған. Алайда, полиция қызметкері парадан бас тартып, жемқорлық қылмыс туралы өзінің басшылығы мен ПД ішкі қауіпсіздік басқармасына хабарлаған.
«Сол күні жедел тергеу шарасы барысында лауазымды тұлғаға пара бермек болған азамат ұсталды. Қазіргі кезде аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп түсіндірді Ақмола облысының ПД баспасөз қызметіндегілер.