Полицейге пышақ салған павлодарлық тұрғын 12 жылға сотталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында полицейге пышақ жарақатын салған ауыл тұрғынына үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицейге пышақ салған павлодарлық тұрғын 12 жылға сотталды

Оқиға 2020 жылдың 15 қарашасында болған. Мектеп мұғалімдері тәртіп сақшысына кәмелетке толмаған балалардың анасы тәрбиелеумен айналыспайтынын айтып, балаларды тастап кететіндігіне және спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатындығына шағымданған. Сауалнама кезінде балалар анасының болуы мүмкін болжамды мекенжайын көрсеткен.

Учаскелік инспектор мұғалімдермен бірге көрсетілген мекенжайға барған сәтте оларды мас күйдегі ер адам қарсы алған. Ер адам кенеттен учаскелік полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған. Абырой болғанда, полицейдің сыртқы киімі пышақтың терең енуіне жол бермеген. Сот-медициналық сараптама нәтижесіне сәйкес, ол жеңіл дәрежедегі дене жарақатын алған.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Успен ауданының тұрғынын ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айырды.